Өлеңдері

БИІКТІК


Тау баласы тауға қарап өседі...
                                          Т.Молдағалиев

Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды...

Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер,
Экраннан Эверестке үздігер.
Обаны адыр, адырларды төбе деп,
Төбелерді тау деседі біздің ел.
Тартыспай ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен,
Осы қырда төбешіктей Аналар,
Дүниеге таудай Ұлдар әкелген.

Ерліктері айналмайтын елеске,
Атыраудың алыбының бәрі есте.
«Ереуіл атқа ерін салған егесте»
Махамбеттің өзі бір тау емес пе?

Жанарында жасын ойнап керемет,
Жауған оққа қарсы шапқан, себелеп.
Санаң болса қалай ғана айтарсың,
Нысанбаев тау емес ед, төбе деп.

Тау ұлдары тауда нағыздай сырбаздай,
Жүздеріңде шабыт оты жүр маздай.
Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,
Талай таулық кетер ме екен жыр жазбай...

Алты алаштың алыптары берсе дем,
Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.
Биіктікті айналайын, туған ел,
Қыранының қанатымен өлшеген.

Бір құдірет тұла бойды тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға...



ҚАЗАҚ ЕДІМ ДЕГЕНШЕ...

Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,
Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет үш арысты бір түнде,
Арамыздан ап кеткен үш әріппін десеңші.

Қазақ едім дегенще, бастық едім десеңші,
Самар асқан составпен астық едім десеңші.
Өзіме өзім, дүние ай, қас қып едім десеңші,
Қырып салған халқымды аштық едім десеңші.

Қазақ едім дегенше, нар едім ғой десеңші,
Бар дәулетті шашуға бар едім ғой десеңші.
Кемелденген кездерде елу миллион болып,
Құла түзде мыңғырған мал едім ғой десеңші.

Қазақ едім дегенше, дарын едім десеңші,
Әуелетіп Айдайға салып едім десеңші.
Бойдан қуат кеткенде ұл қызыммен қоштасып,
Қарттар үйі алдында қалып едім десеңші.

Қазақ едім дегенше, өліп едім десеңші,
Басындағы әркімнің бөрігі едім десеңші.
Шәкәрімдей шыңырау тектілерді шыңғыртып,
Алпыс жылдай архивке көміп едім десеңші.

Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші,
Талай дарын дүниеге келтіріп ем десеңші.
Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді,
Алыбымды абайсыз өлтіріп ем десеңші.

Қазақ едім дегенше, нағыз едім десеңші,
Шаш етектен талайға қарыз едім десеңші.
Қолым қышып кеткенде ер азамат үстінен,
Астанаға жазылған арыз едім десеңші.

Қазақ едім дегенше, дінсіз едім десеңші,
Қазақ едім дегенше, құнсыз едім десеңші.
Өзбегіме мал сатып, шашылығын сыраға,
Қосып жеген, дүние ай мұңсыз едім десеңші.
Қазақ едім дегенше...



Жалғыздық

Жалықтым. Жабықтым. Жаңа ұқтым,
Еңсемді езеді тамұқ-түн.
Сығалап қарадым мен оған,
Терезесінен табыттың.

Алқымнан алады кендір-мұң,
Көңілімді көрге де көндірдім.
Шаршаған шылымымның шоғын,
Қарашығыма сөндірдім.

Лақаттан лақтырдым бөркімді,
Тәнімді жаным жеп өлтірді.
Жардағы сүгірет үні кеп,
Күлкімді менің келтірді.

Сезімім құламай сенделіп,
Қиялым барады жерге еніп.
Қараңғы тып-тымық бөлмеде,
Жарқырап шам тұр тербеліп...
...Біреу келсе екен!..



***

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау», - деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Оянбай қалам,
Бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек – тірліктің белгілі құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі.

Жүректе – ызғар, баста – мұң, көңілде – қырау,
Оңайма, жаным, кеуденді қайғы ауыртқасын?
Жүретін кезін бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым?

Басымнан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім,
Оқтаулы мылтық секілді атылмай қалған...

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау», - деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.



Астананың аруы

Ақ дидарың-ай, сенің ақ дидарың,
Сезесің бе кеудемде от-күй барын,
Жүрегімді сен неге көп қинадың?

Қас-қабағың-ай сенің, қас қабағың,
Жанарыңа қарауға жасқанамын,
Ару қызы сен бе едің Астананың?

Назды күлкің-ай, сенің назды күлкің,
Назды күлкің кеудемнің жазды бұлтын.
Сүйем деген айтармын сөзді бір күн.

Қыпша белің-ай сенің, қыпша белің,
Көжегіне қоянның ұқсап едің.
Екі тілек бір жерден шықса дедім.

Көз қарасың-ай сенің, көз қарасың-ай,
Көрмедің бе қазақтың боз баласын,
Неге сонша жымиып назданасың,
Қайтем енді маңдайға жазбағасын,мәз боласың...



Табылдың әні


Бұл дүние айналғанмен сырласыңа,
Мен кепіл мәңгі-бақи тұрмасына.
Бір күні Құдайыңнан хабар келсе,
Шығарсың сен де құрбым «қыр басына»…

Қайғырып досың түгіл, бақталасың,
Кеудеңде сағат-ғұмыр тоқтағасын,
Қалдырып мынау жалған дүниені,
Келмеске мәңгі-бақи аттанасың…

Сол жаққа аттанасың бәрі барған,
Қалады көкірегіңде алып арман.
Қалады аузыңда сары тісің,
Қалады гаражыңда сары «Волгаң».

Біреуде ақшаң қалар қарыз алған,
Мұрныңды шақшаң қалар зәрі жарған.
Он бөлме үйің қалар, қиын болар,
Өйткені бәрі жалған, бәрі жалған…

Бұл қазақ мол байлықты текке іздейді,
Ақшаңды миллионға жеткіз мейлі.
Сенімен бұл Құдайым о дүниеге,
Сом түгіл соқыр тиын өткізбейді.

Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңда бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар…

Біз түгіл құтылмаған алып Абай,
Білмедім о дүниенің халі қалай?
Бір кездегі Табылдың әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың Адай…

Жігіттер, артық айтсам кінә тақпа,
Батайық күліп-ойнап рақатқа.
Өмірден кәрі де өтер, бәрі де өтер,
Берілген өмір бізге «прокатқа»…



***

Сен де армансың, мен де арманмын,арманбыз,
Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан,
Аманбысың, Алматыда қалған қыз.

Мен де еркемін,сен де еркесің,еркеле,
Еркеліктің елік күні келте ме?
Күйіп,күйіп күпті болған жүректі,
Өтінемін екінші рет өртеме!

Сағыныштан жанарыңа жас тола,
Өзің болып қол бұлғайды Астана.
Лүпілдеген жүрегімсің сен менің,
Қалай оны жұлып берем басқаға?!



«Мен – қазақпын!..»


Мен қазақпын, жүре алмайтын
Шаттанбаса, күлмесе.
Мен қазақпын,
Ішкен асын тастай салар жыр десе.
Мен қазапын,
Ашуланып, талақ қылар тірлікті,
Шайға бола бір кесе...

Мен бұл күнде құл емеспін,
Күң емеспін, Азатпын!
Енді азатпын,
Басымыздан өткен талай тозақ күн.
Мен қазапын,
Жалғыз атын сыйға арнайтын қонаққа,
Ертесіне қиналмайтын қазақпын.

Мен қазақпын,
Басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен.
Мен қазақпын,
Азапты да, ғажапты да көп көрген.
Мен қазақпын,
Жүрегімде шырылдаған шындықты
Жасқамандар шоқпармен!...

Мен қазақпын, мен қазақпын,
Қазақпын деп айтам ән.
Халқым үшін қан додаға кірмей қалай жай табам?!
Менің қаным тіберенсе,
Тентек Каспий секілді,
Қинайтұғын, ұйымайтұғын,
Арнасына сыймайтұғын қайтадан...

Т.ДОСЫМОВ.

Комментариев нет:

Отправить комментарий